«Адал Ас» ұлттық өнімдер өндіретін компаниясының кулинария цехында Кайдзен философиясына арналған тәжірибе алмасу кездесуі өтті. Кездесу барысында Ахметова Г., Байсолтанова А. және Васильев А. Кайдзен бойынша алған білімдерімен бөлісіп, үздіксіз жетілдіру қағидаттарын өндірістік үдеріске енгізу мүмкіндіктерін талқылады.

Қатысушылар Кайдзеннің негізгі мақсаты – күнделікті жұмысты жүйелі түрде жақсарту, өндіріс тиімділігін арттыру және артық шығындарды азайту екенін атап өтті. Сонымен қатар, жұмыс орнын тиімді ұйымдастыру, тазалық пен тәртіпті сақтау, уақытты ұтымды пайдалану, өнім сапасын тұрақты бақылау сияқты маңызды бағыттарға тоқталды.

Талқылау барысында Кайдзен қағидаттарын кулинария цехында қолданудың нақты жолдары мен оның күтілетін нәтижелері жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, жұмыс үдерістерін оңтайландыру, шикізат пен құрал-жабдықтарды тиімді орналастыру, өнім өндіру кезеңдеріндегі артық әрекеттерді қысқарту және әр қызметкердің сапаны жақсартуға белсенді қатысуы мәселелері қарастырылды.

Кайдзен – бір реттік өзгеріс емес, күн сайын жасалатын шағын, бірақ маңызды қадамдардың жиынтығы. Оның басты ерекшелігі – жақсарту үдерісіне әр қызметкердің қатысуы және ұжымдық жауапкершілікті қалыптастыру. «Адал Ас» компаниясы үшін мұндай тәжірибе алмасу кездесулері өндіріс мәдениетін дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға және ұлттық өнімдердің сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған маңызды қадам .Сапалы өнім – жүйелі еңбек пен үздіксіз жетілдірудің нәтижесі!
